Білім сапасын басқарудың теориясы мен тәжірибесі

Опубликовано: 11.10.2018

2018 жылдың 16 қаңтарында «Білім сапасын басқарудың теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында өткен мектеп директорларының семинарына директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Е.Сафуллин қатысты.

Фотогалерея

 

Мақала:

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 10 қаңтар 2018 жылғы Жолдауындағы міндеттерін орындау аясында педагогтің кәсіби өсуін қамтамасыз ету

1) Өнеркәсіптік революциялар

2) Қашықтық курстары

3) Бейнесабақтар

1) Өнеркәсіптік революциялар

Елбасымыз 2018 жылы 10 қаңтарда жариялаған Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революцияның елімізге әкелетін игіліктері мен сын-қатерлерін ескере отырып, мемлекетімізге қойылатын жаңа он міндетті айқындады.

ХХІ ғасырдың көзіқарақты оқырманы ретінде Жолдаудағы міндеттерді ұғыну мақсатында Google шешімін пайдаланып, мектепте  оқыған алғашқы екеуін қайталап, мектепте оқытылмаған соңғы екеуі (өнеркәсіптік революциялар) туралы танысып шықтым. Сонымен бұл төңкерістер туралы әлемдік эксперттердің ұсынған шартты хронологиясын былайша жинақтауға болады екен:

1) 1784 жылы Бу двигателінің пайда болуы 19-ғасырда еңбек өнімділігінің күрт көтерілуімен;

2) 1870 жылы Электр двигателінің, генераторының өндіріске енгізілуі

20-ғасырда жаппай өнеркәсіптік дамуға;

3) 1970 жылы Компьютерлердің жаппай шығарылуы көптеген салаларды автоматтандыруға әкелді;

4) 2015 жылы Төртінші өнеркәсіптік немесе цифрлық революция әлемдік эксперттердің басым бөлігінің тұжырымдары бойынша  басталды. Бұл кезеңде өндіріс пен цифрлық технология қабысып, толықтай цифрлық өнеркәсіптің пайда болуына әкеледі. Жаңа өндірістік жағдайдың басты қатеріне жыл сайын жүздеген миллион адамның жұмыссыз қалу қаупі мен жаңа жағдайға бейімделу үшін адамдардың қайта оқуларына уақыттарының тапшы болуы жатады. Сонымен қатар, замана көшіне ілесе алмаған мемлекеттердің қай-қайсысы да озық елдерге экономикалық жағынан тәуелді болу салдарынан арыла алмайтыны және бар. Осындай ақпараттармен қанығу нәтижесінде Елбасымыздың 2018 жылдың

10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы жолдауында аталған он міндеттің неліктен сегізінде цифрлық, смарт, заманауи технология деген ұғымдардың аталатыны түсінікті болады.

Смартфон, смарт теледидар, смарт тақта, смарт үй, смарт тоңазытқыш, смарт кір жуғыш машина, смарт сағат, квадрокоптер, 3D  принтер тәрізді цифрлық революцияның тірек құралдары қазірдің өзінде күнделікті өмірімізге ене бастады.

Цифрлық революцияның пайдалы тұстарын қоғамның игілігіне жарату, қатерлерінен сақтанудың алғышарты ретінде дүниежүзілік эксперттер адамдарға «оқу, оқу және оқу» формуласын ұсынады. Осы тұрғыдан келгенде 2012 жылы Президентіміз Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясынан бастап әр жылғы Жолдауларды, 12 сәуір 2017 жылы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын талдай отырып, бірнеше мәрте қайталап оқу еліміздің сауатты азаматтарына көп пайдалы болар еді деп ойлаймыз. Себебі, интернет көздерінде 2016 жылдарда жариялана бастаған эксперттердің кеңестерін қарасақ, ол бағдарлардың 2012 жылғы

«Қазақстан-2050» Стратегиямызда айқын көрсетілгеніне  куә боламыз. Мысалы, Стратегияның 7 бөлімінің 4-ші «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары» бөліміндегі:

Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады; Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз; Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет;

деген мәтіндердің өзектілігі бүгінгі күні айқындала түскендей.

2) Қашықтық курстары

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасы Г.Ахметованың 2016 жылдың

4 сәуіріндегі педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстарын жасақтау тапсырмасына орай институтымызда «Қашықтық курстары» жобасы іске қосылды. «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» 2016 жылдың 26 сәуірінде облыс бойынша Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың қашықтық курстарын ұйымдастыру және өткізу туралы Ереже дайындады және бекітті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылы 28 қаңтарда №95 бұйрығымен бекітілген «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидалары» бойынша тұңғыш рет біліктілікті арттыруды еңбек қызметінен қол үзбей қашықтан оқу арқылы жүзеге асыруға болатыны рәсімделді. Әрине, қазіргі 5 жылда бір рет өткізетін 36, 40, 72, 80 сағаттық дәстүрлі қысқамерзімді курстарымыздың мазмұнын сол күйінде қашықтан оқыту үлгісіне қабылдай салуға болмайды. Себебі, ол жүйе үздіксіз білім алу ұстанымын толыққанды жүзеге асыра алмайды. Біліктілікті арттыру институттарында курстарды тікелей өткізудің олқы тұстары бізді көптен ойландырады:

•         Педагог еңбек қызметінен қол үзеді және оның жұмыс орнындағы міндеттері өзге педагогке жүктеліп, жұмыс ырғағы өзгеріске ұшырайды;

•         Жіберуші мекеме іссапар шығындары мен курстағы педагогті алмастырушы педагогке төленетін шығындарды көтеруіне тура келеді;

•         Педагогтің тұрғылықты орны курс өтетін жерден өзге болғанда отбасынан да уақытша алшақтап, қиыншылықтарды бастан кешіреді;

Жоба ережесі бойынша тыңдаушының жүру жолы 7 қадамға бөлінеді.

1) Онлайн өтініш. «Онлайн өтініш» батырмасын шертіп, ашылған терезеде өзіңіз туралы және бізбен байланысты ұстауға байланысты 8 ақпаратты толтырасыз.

2) Ұсыныс. Институттағы жоба мүшелері түскен өтініштерді сұрыптап, мектеп басшылықтарына хабарласып, мәліметтер расталған жағдайда өтініш иесінің жұмыс орнына қатынас қағаз жібереді. Ол хатта аталған мұғалімдерді онлайн курсқа жолдау туралы бұйрық шығарып, бізге сканкөшірмесін жолдау сұралады.

3) Мектеп бұйрығы. Бізден жолданған хатқа сәйкес мектеп директоры ұжымымен кеңесе келіп, онлайн тыңдаушыға бұйрық шығаруы мүмкін.

4) Институт бұйрығы. Бастапқы 3 ақпаратты қорыта келіп, институтқа онлайн тыңдаушыларды курсқа қабылдау туралы бұйрық шығарамыз.

5) Оқу үдерісі. Ережеге сай күніне 1 сағаттан, 4 күнге созылады.

6) Микроемтихан. Әзірге жоба аясындағы жұмыстардың нақты көрінісін бағалауымыз үшін қала мұғалімдерінен құралған онлайн тыңдаушыларды  бір күнге институтқа шақырып, тексеру сұрақтары мен тапсырмалары қойылады. Тыңдаушылардың ұсыныстары қабылданады. Бұл қадам бейне және фототіркеулерді қажет етеді.

7) Сертификат. Бейнесабақтан меңгерген білімін көрсете алған тыңдаушы сертификатталады.

Жобаның І кезеңінде өз қызметкерлеріміз осы курстарда оқыды және 24 педагогтің 21-і сертификатқа ие болды. Жобаның ІІ кезеңінде қала мектептері мен колледждерінен 18 педагог оқыды және 13-і сертификатталды. ІІІ кезеңде облысымыздың 37 педагогі оқытылды және 26 педагог сертификатталды. Сонда барлығы 79 педагог оқытылып, оның 60-ы сертификатталған екен.

3) Бейнесабақтар

Елбасымыздың 2018 жылдың 10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы жолдауында аталған 7-міндет «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Және осы бөлімде:

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.

Президентіміздің өзі видеосабақ туралы нақты тапсырманы атаған кезде білім берудің түрлі салаларындағы үздік педагогтер анықталуы және олардың видеосабақтарын түсіріп, өңдеу, кейін интернетке орналастыру тәрізді жауапты, әрі ауқымды істердің тұрғаны мәлім болды. Аталған тапсырманы орындау үшін «Саннан сапаға жету» ұстанымына жүгіну қажет деп санаймыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында

«... Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі тиіс» – деп елбасымыз айтқандай, әр салада, әр мекемеде өміршең идеяларға негізделген істер болуға тиіс. Біліктілікті арттыру институтында өткізілетін байқаулар педагогтің кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндік, күшті серпін береді. Мысалы бізде өткізілетін «Сабақтың үздік контенті» облыстық байқауы 5 жыл ішінде мектептегі барлық пәндер бойынша секциялар ашып, 633 облыс педагогін қамтып, 37 жеңімпаз бен 160 жүлдегерді дипломдармен, 436 қатысушыны куәліктермен марапаттады. Әдістемелік қызметте үздік педагогикалық тәжірибенің таратылуына ерекше мән беріледі. Тәжірибені кітапша түрінде баспа материалы өнімі тәрізді тарату – білім беру жүйесінде жақсы орныққан. Қазіргі уақытта контент баспадан шыққан мәтін түрінде ғана емес, аудио, видео нұсқаларда жасалады. Қазақстандық мұғалімдердің озық тәжірибелерін бейнесабақ түрінде таратудан төмендегідей оң өзгерістер күтеміз:

1) Бейнесабақ – қазіргі заман талабы болып табылатын қашықтан оқыту үшін аса қажет материал. Отандық өнімдердің әуесқой үлгілері байқау аясында жинақталып, болашақта кәсіби контент құрастыратын авторлар қалыптасады деп сенеміз.

2) Бейнесабақтар көмегімен оқыту тәжірибелерін ішінара енгізу арқылы, қазіргі балалардың интернетке, компьютерге, смартфондар мен планшеттерге деген жоғары қызығушылықтарын пайдалы арнаға бұру мәселесі шешілуі мүмкін.

3) Қазақ тіліне латын графикасын енгізу нәтижесінде тілімізде орфографиялық өзгерістер пайда болады. Орфографиялық өзгерістер орфоэпиямызға да әсер етіп, сөйлеу дағдыларымызда елеулі өзгерістер болуы мүмкін. Бейнесабақта мұғалімнің сабақты түсіндіру барысындағы сөйлеу үлгісі жазбада сақталып, ақпаратты сақтаудың жаңа форматында болашақ ұрпаққа қашанда қолжетімді болады.

Осы байқауларды ұйымдастыру кезеңдерінде үлгі ретінде yeldos.kz сайтымда орналасқан жеке авторлық видеосабақтарымды ұсынған болатынмын. «Тригонометрия курсының әліппесі», «Электрондық үкімет», «Транзакциялық қызмет», «Иррационал теңсіздіктер» тәрізді бағыттарда барлығы 30 шақты видеосабақтар пайдаланушыларға көптен қызмет етеді. Бейнесабақта мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруі, 40 (бұрын 45 минут) минуттық сабақ мазмұнында мұғалімнің оқушыға беретін ең маңызды ақпараттары бейнесабақ көмегімен 10 минуттан аспайтын уақытқа жинақталады. Байқауға қатысу үшін дайындалған бейнесабақтар мынадай жағдайларда пайдалы бола алады:

1) Оқушы жаңа сабақ мазмұнымен алдын-ала танысып, сабаққа жоғары дайындықпен келеді.

2) Оқушы денсаулығына байланысты мектепке келе алмаған кезде сабақ мазмұнымен өз бетінше шұғылдануға мүмкіндік алады.

3) Ауа-райы қолайсыздықтарына (төтенше жағдайлар, жауын-шашын, аяз, боран) байланысты мектепте сабақ тоқтатылған кездерде оқушы оқу үдерісін өз бетімен жалғастыра алады.

4) Үлгерімі төмендеген оқушылар сабақты қабылдау қабілеті күшейген кезде өз беттерімен бұрынғы сабақтарды қайталап түсіне алады.

2013 жылы – 14, 2014 жылы – 29, 2015 жылы – 52, 2016 жылы – 382, 2017 жылы – 156 педагогтің, барлығы 633 ұстаздың 2000-ға жуық бейнесабағының сілтемелері zkoipk.kz сайтымызда орналасты. Осылайша жаңа форматта жұмыстанған педагогтер отандық бейнеөнімдер саны  мен сапасын арттыруға көмек беретін болса, оларға байқаудың дипломдары мен қатысушы куәліктері біліктілік санаттарын арттыруға негіз бола алады.

Демек, Стратегиядан бастау алған осы тектес жұмыстарымыз бүгінгі Жолдаудағы міндеттерді орындауға берік база бола алады деп санаймыз. Елбасымыздың 2011 жылғы Жолдауындағы «...Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс - Личным кредо каждого казахстанца должно стать «образование в течение жизни» деген қағидасы баршамыздың өмірлік ұстанымымызға айналады деп сенеміз!

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин

rss